Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы туралы үндеуінде айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға және "Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады", - делінген үндеуде.
Сондай-ақ онда парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленетіні айтылған.
"Бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады. Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі", деді Президент.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысының Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы туралы үндеуі жарияланды.